Көкшетау қ., Абай к-сі, 156А 8 (7162) 72-33-33

Әдеп және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл

««Авиценна» ЕПМ» мекемесі қызметкерінің әдеп кодексі

Редакция
· 1 нұсқа

««Авиценна» ЕПМ» мекемесі қызметкерінің әдеп кодексі (бұдан әрі — Кодекс) — ««Авиценна» ЕПМ» мекемесінің медициналық және әлеуметтік қызметкерінің (бұдан әрі — қызметкер) кәсіби медициналық қызметті жүзеге асыру кезіндегі әдеп нормалары мен жүріс-тұрыс қағидаттарының жиынтығын айқындайтын құжат. Кодекс Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2020 жылғы 7 шілдедегі № 360-VI Кодексі (274-бап «Қазақстан Республикасының медициналық және фармацевтикалық қызметкерлерінің ар-намыс кодексі») негізінде әзірленді.

Кодекс ««Авиценна» ЕПМ» мекемесі, қоғам және пациент арасындағы қатынастарды айқындайды, жеке тұлғаның және тұтас қоғамның құқықтарын, қадір-қасиетін, денсаулығын қамтамасыз етуге бағытталған, сондай-ақ қызметкердің өз қызметі үшін қоғам алдындағы жоғары моральдық жауапкершілігін белгілейді.

I бөлім. Жалпы ережелер

1. Әдеп кодексі ««Авиценна» ЕПМ» мекемесінің медициналық және әлеуметтік қызметкерлерінің өз қызметі үшін азаматтар мен тұтас қоғам алдындағы моральдық жауапкершілігін айқындайды.

2. Қызметкерлер өз қызметінде мынадай моральдық және әдептік қағидаттарды басшылыққа алуға тиіс:

  • осы Кодексті және Қазақстан Республикасының медициналық және фармацевтикалық қызметкерлерінің ар-намыс кодексін басшылыққа алу;
  • Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын нығайтуға жәрдемдесу;
  • шешімдерді тек пациенттің мүддесі үшін қабылдау;
  • Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау қызметкерінің жоғары атағына нұқсан келтіруі мүмкін әрекеттер жасауға жол бермеу;
  • қызметтік міндеттерін адал және сапалы орындау;
  • кәсіби білімін үздіксіз жетілдіру;
  • жеке пайда көздеп, профилактика мен емдеу әдістері мен құралдарын жарнамалауға және пайдалануға жол бермеу;
  • еңбек тәртібін мүлтіксіз сақтау;
  • ұйымның мүлкіне ұқыпты қарау және оны тиімді пайдалану;
  • сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұру;
  • қызметтік ақпаратты пайдакүнемдік және өзге де жеке мақсаттарда пайдалануға жол бермеу;
  • жеке үлгі көрсету арқылы ұжымда тұрақты және жағымды моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыруға жәрдемдесу;
  • басқа медициналық және фармацевтикалық қызметкерлер тарапынан Ар-намыс кодексінің нормаларын бұзу фактілеріне жол бермеу және оларды тоқтату;
  • қызметтік міндеттерін орындау кезеңінде белгіленген киім нысанын сақтау.

3. Пациенттермен қарым-қатынаста қызметкерлер:

  • жасына, жынысына, ұлтына, дініне, азаматтығына, шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына немесе кез келген өзге де мән-жайларға қарамастан адамның құқықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге;
  • медициналық көмекке мұқтаж әрбір адамға көмек көрсетуге;
  • адам өмірін сақтау борышын үнемі есте ұстауға;
  • азаматтардың мемлекеттің денсаулық сақтау жүйесіне сенімін нығайтуға жәрдемдесуге;
  • пациенттерге қатысты қаржылық және өзге де қорқытып алу фактілеріне жол бермеуге, әріптестері тарапынан мұндай әрекеттердің жолын кесуге күш салуға;
  • өз әрекеттерімен қоғам тарапынан негізді сынға себеп болмауға, сынға төзімділікпен қарауға, кемшіліктерді жою және кәсіби қызметін жақсарту үшін сындарлы сынды пайдалануға тиіс.

4. Әріптестермен қарым-қатынаста қызметкерлер:

  • жалпы қабылданған моральдық-әдептік нормаларды сақтауға, сыпайы және әдепті болуға;
  • пациенттің мүддесі талап еткен жағдайда әріптестеріне жанқиярлық көмектен бас тартпауға және өздері де олардан кеңес сұрауға;
  • басқа медициналық және фармацевтикалық қызметкердің кәсіби біліктілігіне жария түрде күмән келтірмеуге;
  • қазақстандық медицинаның дәстүрлері мен жетістіктерін еселеуге тиіс.

5. Қызметкер өз біліктілігі мен құзыретіне сәйкес азаматтардың денсаулығын қорғау ісіне, өзі көрсететін көмектің сапасын ең жоғары деңгейде қамтамасыз етуге барлық күш-жігерін салуға тиіс.

6. Қызметкер жынысына, жасына, нәсілдік және ұлттық тиесілілігіне, тұрғылықты жеріне, әлеуметтік мәртебесіне, діни және саяси нанымдарына, сондай-ақ өзге де медициналық емес факторларға қарамастан кез келген адамға медициналық көмек көрсетуге міндетті.

7. Қызметкер өз біліктілігіне, лауазымдық нұсқаулықтарына және қызметтік міндеттеріне сәйкес, қолда бар ресурстар шегінде сапалы және қауіпсіз медициналық көмекті қамтамасыз ету үшін жауапкершілікті, оның ішінде моральдық жауапкершілікті көтереді.

8. Медициналық қоғамдастық қатарының тазалығын сақтау, әріптестерінің де, өзінің де қателерін бейтарап талдау, пациенттердің денсаулығына зиян келтіретін арсыз және біліксіз әріптестердің, сондай-ақ түрлі кәсіби емес адамдардың тәжірибесіне кедергі жасау — қызметкердің моральдық міндеті.

9. Медициналық және әлеуметтік қызметкердің қоғамдағы рөлін ескере отырып, қызметкер қоғамдық іс-шараларды, әсіресе салауатты өмір салтын насихаттайтын іс-шараларды қолдауға және оларға шама-шарқынша қатысуға тиіс.

II бөлім. Қызметкердің жол берілмейтін әрекеттері

10. Қызметкердің білімі мен жағдайын теріс пайдалануы оның кәсіби қызметімен үйлеспейді. Қызметкер:

  • өз білімі мен мүмкіндіктерін ізгілікке жатпайтын мақсаттарда пайдалануға;
  • жеткілікті негізсіз медициналық шаралар қолдануға немесе олардан бас тартуға;
  • пациентке медициналық әсер ету әдістерін оны жазалау мақсатында, сондай-ақ үшінші тұлғалардың мүддесі үшін пайдалануға;
  • пациентке өзінің философиялық, діни және саяси көзқарастарын таңуға;
  • пациентке әдейі де, абайсызда да дене, моральдық немесе материалдық зиян келтіруге және мұндай зиян келтіретін үшінші тұлғалардың әрекеттеріне немқұрайлы қарауға құқылы емес.

11. Қызметкердің жеке алалаушылығы және өзге де кәсіби емес уәждері диагностика мен емдеуге әсер етпеуге тиіс.

12. Пациенттің ұсынылған ақылы медициналық қызметтерден бас тартуы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде оған тегін көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігінің нашарлауына, түрлері мен көлемінің азаюына себеп бола алмайды.

13. Пациенттерден және пациенттерге сыйлықтар өте қажетсіз, өйткені олар сыйлық бермейтін және алмайтын пациенттерде өздеріне аз қамқорлық көрсетіледі деген әсер қалдыруы мүмкін. Сыйлықтар қызметтер үшін айырбасқа берілмеуге немесе қабылданбауға тиіс. Қолма-қол ақша немесе құнды сыйлықтар түріндегі сыйлықтарды алуға тыйым салынады.

14. Қызметкер өз жағдайын және пациенттің эмоционалдық күйін пайдаланып, онымен мүліктік мәмілелер жасауға, оның еңбегін жеке мақсатта пайдалануға, сондай-ақ қорқытып алушылықпен және пара алушылықпен айналысуға құқылы емес.

15. Қызметкер емдеу курсын тағайындау кезінде пайдаланылатын дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдар туралы дұрыс емес, толық емес немесе бұрмаланған ақпарат беруге, оның ішінде пациенттен бағасы төмен дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдардың бар екені туралы ақпаратты жасыруға құқылы емес.

16. Қызметкер дәрілік препараттарды өндіруші және таратушы фирмалардан олар ұсынатын дәрілерді тағайындағаны үшін көтермелеу қабылдамауға, медициналық ұйымның аумағында компанияның логотипі немесе дәрілік препараттың, медициналық бұйымның саудалық атауы бар заттарды пайдаланбауға тиіс.

17. Лауазымдық міндеттерін орындау кезінде қызметкер сергек болуға және тұрақты тәуелділік тудыратын қандай да бір заттардың әсерінде болмауға тиіс.

Кәсіби тәуелсіздік

18. Өзінің кәсіби тәуелсіздігін сақтау — қызметкердің құқығы мен борышы. Жаңа туған нәрестелерге және егде адамдарға, мүгедектігі бар адамдарға, әскери қызметшілер мен азаматтық адамдарға, жоғары лауазымды басшыларға және күзетпен ұсталатын адамдарға медициналық және әлеуметтік көмек көрсете отырып, денсаулық сақтау қызметкері кәсіби шешім үшін толық жауапкершілікті өзіне алады, сондықтан әкімшілік, пациенттер немесе өзге де адамдар тарапынан қысым көрсетудің кез келген әрекетін қабылдамауға міндетті.

19. Егер кез келген жеке немесе заңды тұлға қызметкерден Қазақстан Республикасының заңнамасына, әдеп қағидаттарына, кәсіби борышқа қайшы келетін әрекеттерді талап етсе, қызметкер онымен ынтымақтасудан бас тартуға тиіс.

20. Сараптамаларға, консилиумдарға, комиссияларға, консультацияларға және т. б. қатыса отырып, қызметкер өз ұстанымын анық және ашық білдіруге, өз көзқарасын қорғауға, ал өзіне қысым көрсетілген жағдайда заңдық және қоғамдық қорғауға жүгінуге міндетті.

III бөлім. Денсаулық сақтау қызметкері мен пациенттің өзара қарым-қатынасы

Пациенттің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу

21. Қызметкер пациенттің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге, оған және оның жақындарына мұқият әрі шыдамды қарауға тиіс. Пациентке дөрекі және ізгілікке жатпайтын қарым-қатынасқа, оның адамдық қадір-қасиетін қорлауға, сондай-ақ қызметкер тарапынан кез келген артықшылық көрсетуге немесе пациенттердің біреуіне ерекше ықылас не жақтырмаушылық білдіруге жол берілмейді.

Медициналық және әлеуметтік көмек көрсету жағдайлары

22. Қызметкер медициналық және әлеуметтік көмекті пациенттің бостандығы мен қадір-қасиетін барынша аз шектейтін жағдайларда көрсетуге тиіс.

Мүдделер қақтығысы

23. Мүдделер қақтығысы (пациент — қоғам, пациент — отбасы және т. б.) туындаған кезде, егер пациенттің мүдделерін іске асыру пациенттің өзіне немесе айналасындағыларға тікелей зиян келтірмесе, қызметкер пациенттің мүдделеріне басымдық беруге тиіс.

Медициналық құпия

24. Пациент қызметкердің барлық медициналық және өзіне сеніп тапсырылған жеке ақпаратты құпия сақтайтынына сенуге құқылы. Қызметкер пациенттің немесе оның заңды өкілінің рұқсатынсыз тексеру және емдеу барысында алынған мәліметтерді, оның ішінде медициналық көмекке жүгіну фактісінің өзін жария етуге құқылы емес. Қызметкер медициналық құпияның жария етілуіне жол бермейтін шаралар қабылдауға тиіс. Пациенттің қайтыс болуы медициналық құпияны сақтау міндетінен босатпайды. Медициналық құпияны жария етуге Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жол беріледі.

Денсаулық сақтау қызметкерін таңдау

25. Қызметкер өзінің одан әрі емделуін немесе патронажын басқа маманға сеніп тапсыруды шешкен пациентке кедергі жасауға құқылы емес.

26. Қызметкер мынадай жағдайларда пациентті басқа маманға жібере отырып, онымен жұмыс істеуден бас тарта алады:

  • егер өзін жеткілікті құзыретті сезінбесе немесе көмектің тиісті түрін көрсету үшін қажетті техникалық мүмкіндіктері болмаса;
  • егер медициналық және әлеуметтік көмектің осы түрі маманның адамгершілік қағидаттарына қайшы келсе;
  • егер емдеу және тексеру жоспары бойынша пациентпен немесе оның туыстарымен қайшылықтар болса.

IV бөлім. Медициналық қызметкерлердің өзара қарым-қатынасы

27. Қызметкерлер арасындағы өзара қарым-қатынас өзара құрметке, сенімге негізделуге және пациенттің мүдделерін сақтаумен ерекшеленуге тиіс.

28. Әріптестерімен өзара қарым-қатынаста қызметкер адал, әділ, қайырымды, инабатты болуға, олардың білімі мен тәжірибесіне құрметпен қарауға, сондай-ақ өз тәжірибесі мен білімін оларға жанқиярлықпен беруге дайын болуға тиіс.

29. Басқа қызметкерлерге басшылық етудің моральдық құқығы жоғары кәсіби құзыреттілікті және жоғары адамгершілікті талап етеді.

30. Әріптеске айтылған сын дәлелді және қорлаусыз болуға тиіс. Әріптестердің жеке басы емес, кәсіби әрекеттері сынға жатады. Әріптестерді беделсіздендіру арқылы өз беделін нығайтуға тырысуға жол берілмейді. Қызметкер пациенттер мен олардың туыстарының көзінше өз әріптестері мен олардың жұмысы туралы жағымсыз пікір айтуға құқылы емес.

31. Мейірбике дәрігер тағайындаған медициналық манипуляцияларды дәл және білікті орындауға міндетті. Мейірбикенің жоғары кәсібилігі — мейірбике мен дәрігердің жолдастық, әріптестік қарым-қатынасының ең маңызды моральдық факторы. Кәсіби міндеттерін атқару кезінде дәрігер мен мейірбике арасындағы тым жақындық, қызметтік емес сипаттағы қарым-қатынас медициналық әдеппен айыпталады. Егер мейірбике дәрігердің емдеу ұсынымдарының орындылығына күмәнданса, ол бұл жағдайды алдымен дәрігердің өзімен, ал күмәні сақталған жағдайда — жоғары тұрған басшылықпен әдептілікпен талқылауға тиіс.

V бөлім. Кодекстің қолданылу шегі, оны бұзғаны үшін жауапкершілік, қайта қарау тәртібі

Кодекстің қолданылуы

32. Осы Кодекс ««Авиценна» ЕПМ» мекемесінің шегінде қолданылады және қызметкерлер үшін міндетті күші бар.

Қызметкердің жауапкершілігі

33. Кәсіби әдепті бұзғаны үшін жауапкершілік дәрежесін ««Авиценна» ЕПМ» мекемесі жанындағы Әдеп комиссиясы айқындайды.

34. Егер әдеп нормаларын бұзу бір мезгілде құқықтық нормаларды қозғаса, қызметкер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.

Кодексті қайта қарау және түсіндіру

35. Осы Кодекстің жекелеген ережелерін қайта қарауды және түсіндіруді ««Авиценна» ЕПМ» мекемесі қызметкерлерінің ұсыныстарын ескере отырып, Әдеп комиссиясы жүзеге асырады.

««Авиценна» емдеу-профилактикалық мекемесі» мекемесі · БСН 061040004194

Барлық құжаттар